Бесплатно

Құлагер

Текст
iOSAndroidWindows Phone
Куда отправить ссылку на приложение?
Не закрывайте это окно, пока не введёте код в мобильном устройстве
ПовторитьСсылка отправлена
Отметить прочитанной
Шрифт:Меньше АаБольше Аа
 
 
 
Мойныма ат өлімін болсаң қойған,
Бір жылқым Қарауылдан тартып сойған!
Кесіп ал күшің болса құлағымды,
Əйтпесе болғаның не сонша ойран?
 
 
Көтіңді көрем бəйге бермей қойған,
Тартылар өз табағың астан, тойдан.
Шыдап көр қонысыңда тыныш отырып,
Есемді ел шапсам да алмай қойман!»
 
 
Осыны айтып көк шал селкілдеді,
Керейлер жым боп қалып, желпінбеді.
Батыраш осыны айтып шіренгенде,
Жұрт тарқап бара жатқан секілденді.
 
 
Бытырап, ырың-жырың көптің көңілі,
Басылды Қусақ көлдің көпіргені.
Құшақтап Құлагердің əлі басын,
Ақанның басылған жоқ өкіргені.
 
 
Желпінтіп жетелеген Тұйғын көкті,
Алтайлар топтан бөлек тұрған шеткі,
«Бəйгемді барымта ұстап отыршы!» – деп
Керейге кіжінген шал жүріп кетті.
 
 
Онымен Оқас тағы бірге кетті,
Шабдан да Алатауға бұрды бетті,
Ойнап ел, өлген атпен жұмысы жоқ,
Ояз да ылаулаған атын жекті.
 
 
Сонымен сол кеткеннен бұрылмады,
Қайтқан жан құмырсқадай қыбырлады.
Өзара өлген атты аңыз қылып,
Таралды алды-артына рулары.
 
 
Тек қана қалған бір топ дуылдады,
Қарғадай жемтіктегі шуылдады.
Шырқырап Ақан отыр ат басында,
Шығарып шерлі даусын құлындағы.
 
 
Ат шіркін, елге дəулет, ерге санат,
Ат шіркін, елге қайрат, ерге қанат.
Жарлының жалғыз аты жазым болса,
Қалмай ма жарымжан боп, жерге қарап?
 
Аттың азалы əні
 
Күн батты, көлеңке алды Арқа жерін,
Кешкі жел жыбырлатты Қусақ көлін.
Қоштасып Құлагерге күңіренді Ақан,
Қайғыртып қасындағы қалған елін.
 
 
«Қош, енді қалдың кейін, Құлагерім!
Тұрмадың жығылғаннан, жылап едім.
Жалғанда саяқ жүріп таяқ жедім.
Көретін күнім шығар бұ да менің…
 
 
Бай-бай, бай-бай,
Бай-бай, бай-бай…
Құлагер, қоштасқаным ел алдында,
Жемтігің қалды сенің Жыландыға.
Айырылып жанындағы жалғыз сенен,
Қайтты иең, тұрмаған соң жылады да.
 
 
Құлагер, жануарым, пырағым-ай,
Қалдың-ау Ерейменде, шырағым-ай!
Сенікі, менікі емес, қарға, кұзғын!
Оқи бер Құлагерге құраныңды-ай…
 
 
Көзіңнен айналайын тостағандай,
Қияр ем сені нағып тастағанға-ай;
Басыңды итке неге иіскетейін,
Ерте-кеш құшақтамай жас баламдай!
 
 
Құлагер, қош-қош атым, жолдасым-ай!
Мен білдім түнесем де тұрмасыңды-ай.
Тигізбей топыраққа, жоғары іліп
Сақтармын өле-өлгенше қу басыңды-ай!»
Соны айтып Құлагердің басын кесті,
Көрген жан: «Қайтсін шіркін, асыл!» – десті.
Достары: «Қайран ер-ай, обал-айлап»,
Қастары: «Сол сыйымен барсын!» – десті.
 
 
Алда бас, арт жағына ұл мінгесті,
Бəйгені өзге қалған жан үлесті.
Бір салып атты бұтқа Ақан сері,
Жамылып жүріп берді қоңыр кешті.
 
 
Жеделдеп жетім ұлмен жүріп кетті,
Ұйқысыз ұзақ таңға бүлкілдетті.
Ұзын жол, жұлдыз жарық, жазғы түнді
«Құлагер» деген əнмен күңірентті.
 
 
Əнімен шығаруға ішкі дертті,
Шырқатып ащы үнімен шерін шертті.
Болады салған əні су сепкендей,
Сөндіре алмаса да жанған өртті.
 
 
Ащы зар, ауыр шері айғайлатты.
«Құлагер» айтқан сайын қайғы ойлатты.
Ұйқышыл, керең қырға маза бермей,
Күрсінтіп соқыр түнді бай-байлатты.
 
 
Шер даусы ен далада шықты қатты,
Түн, дала, ел төсекте тыңдап жатты.
Құлақ caп қырда қоян, қорада қой,
Жылқылар жайылыста ішін тартты.
 
 
Бесікте бала оянып, ұйып қапты,
Кемпір, шал жамбасына зарлы үн батты.
Қыз, келін қой күзеткен айтақтамай,
Түнгі ауыл зарлы əнді тыңдап жатты.
 
 
Зарлатты, аңыратты, жорғалатты,
Күйік əн көкке серпіп, сорғалатты.
Азалы ащы дауыс зарлағанда,
Жұрт бірге жоқтап жатты өлген атты.
 
 
Бай-байлап «Құлагер» əн бебеу қақты,
Талда құс, белдеулерде бедеу қатты.
Зарлы əнін «Құлагердің» жылқышылар
Сүйеніп құрығына тыңдап қапты.
 
 
Жолшыбай жол көп елді аралатты,
Бұрылмай бас өңгерген баран атты,
Керең түн кең даланы күңірентіп,
Бай-байлап «Құлагерге» бара жатты.
 
 
Көргенде Көкшетауды дерті қатты,
Жүрген жер Құлагермен жанға батты.
Кетер түн Құлагердің жатқан жерін
Құшақтап, жер бауырлап, жылап жатты.
 
 
Тау мен тас жоқтағандай Кер құла атты,
Бар бұлақ көлге суын бауырымдатты.
Кірсіз жер, кінəсіз жел жылы ұшырап,
Құланың қазасына көңіл айтты.
 
 
Ардақтап ат байлаған бір ағашын,
Қастерлеп Құлагердің ілді басын;
Аңырап ағыл-тегіл боп отырды,
Көзінің омырауына құйып жасын.
 
 
Көкшенің күйіндіріп тауын, тасын,
Күңірентіп сай-саласын, көлдің басын.
Ат жанды, аяулы аттың иесі Ақан,
Жоқтады жұбанбастан кер Құласын.
 
 
Кей-кейде жауын болып, жылап ақты,
Кей-кейде дауыл болып соқты қатты;
Кей-кейде күңіреніп, көлдей толқып,
Кей-кейде қу ағаштай құлап жатты.
 
 
Кей-кейде əнге шырқап өлең айтты,
Кей-кейде томсырайып тастай қатты.
Қылғандай қайыңды қос, тасты төсек,
Аһылап, ағаштағы бастай қатты.
 
 
Жаз өтіп, жапырақ солып, күз де бопты,
Қуартып жасыл жерді, қазан соқты.
Күйкиіп Көкшетаулар күпі киіп,
Жайлауда тышқан аңдып, түлкі жортты.
 
 
Күзгі ауыл сары от іздеп, қуды қоқты,
Қозы, лақ өсіп – бопты шыбыш, тоқты.
Жиналып желі, ноқта, саба сорғып,
Ызғырық естіртеді ойда жоқты.
 
 
Ақанның көңілі осы күздей болып,
Қазасы Құлагердің өткен соғып,
Көңілінің Көкшетауы қуаң тартып,
Қызығын қайғы орағы кеткен орып.
 
 
Құланың қайғысынан қатып, семіп,
Қурай боп екі-үш айда қалған шөгіп.
Құлауға құйын соқса оп-оңай тұр,
Құрт жеген құба сөңкел секілденіп.
 
 
Ақанда қызық та жоқ, сауық та жоқ;
Оларды іздеп, жұртпен жауықпақ жоқ.
Қапыда қатты тиген сол соққыдан
Қираған жан қанаты сауықпақ жоқ.
 
 
Жар да жоқ, жалын да жоқ, жақсы ат та жоқ,
Оларды енді көксер мақсат та жоқ.
Күңіренген күні-түні «Құлагерге»,
Асқақ əн, əсем үнді зар жақ та жоқ.
 
 
Кеткендей қызық тарқап, қаны суып,
Айдаған айдалаға жаны қуып.
Жап-жалғыз тауды, тасты мекендеген,
Жанына жолатқызбай жанды жуық.
 
 
Өмірден жиіркеніп көңілі суып,
Қалғандай айналадан өзге туып.
Жатады жанды көрмей жапан түзде,
Көліне Бурабайдың кірін жуып.
 
 
Баурында Оқжетпестің бір шоқ қайың,
Жүреді сонда Сері келіп дайым.
Ілулі сол қайыңда тұрған қу бас,
Қобыздай ызылдар жел соққан сайын.
 
 
Басында айтамыз деп бастың жайын,
Əңгіме қылдық, білем, астың жайын.
Мынау бас – Құлагердің қу басы еді,
Мынау шал – Ақан жалғыз, қашқындайын.
 
 
Қайыңның қасына кеп жүрген Сері,
Байлаулы Құлагердің тұрған жері.
Сол жерді тауап қылып оқта-текте,
Кетпейді осы арадан сонан бері.
 
 
Əн болып Көкшетаудың күңіренгені,
Сөз болып жат мінезі, шерткен шері;
Кетіпті елдің аузы əуезе қып:
«Жын құшып, жалғыз жүрген Ақан – пері».
 
 
Өтті күн. Қалды ағашта бас қуарып,
Қатайды Сері, сақал-шаш қуарып.
Серіксіз, елсіз, малсыз, елсіз тауда
Өткізді өмірін ол, басқа қуанып.
 
 
Тентіреп тауда ұдайы, таста қаңғып,
Оты өшкен, бойында жоқ жас құмарлық.
Басар жер, барар тауы – Бурабай боп,
Бейшара бағып өткен басты мал қып.
 
 
Шүйке шал, аузы ұрадай опырылған,
Су мұрын, қу ұрты шұқырайған.
Боз бура бір күндегі тасқа шөгіп,
Шал отыр қу қайыңда мықырайған.
 
 
Келсаптай тұзды түйген бас ағарған,
Түздегі қу бастайын жақ қуарған.
Бетіне ел көшкендей сүрлеу түсіп,
Шөлдегі шыңыраудай көз суалған.
 
 
Жігіттің бір күндегі Көкшетауы,
Күрсінткен көп сұлудың «Көкем-ауы».
Жаңғыртқан жақсы жерді, жалпақ елді,
Əсем үн, аспанға өрлеп салған əні.
 
 
Бір күнде болған жігіт жан жайлауы,
Қайда оның күлкі, ойынмен жайнаңдауы?
Құлазып күзді күнгі Көкшетаудай,
Қызықтың көшіп кеткен capжайлауы.
 
 
Көңіліне Құлагерден құйылып мұз,
Күйкиіп отыр таста Ақан байғыз.
Жан тынышын елден емес, жерден тапқан,
Сондай бір адам бопты жаны жалғыз.
 
 
Даусына жаңғырып тау, жаңғырып құз
Серінің салған əнін сағынамыз.
Қазақтың қиялының жақсы аты деп,
Біз-дағы Құлагерге қамығамыз.
 
 
Сорлы Ақан «Құлагер» деп жылап, күйген,
Елдің ол құлағына жылы тиген.
Болса да мейлі сері, мейлі пері,
Ақанның аты мен жұрт əнін сүйген.
 
 
Қайтқанда басты өңгеріп, сонау түннен,
Əн алған қалың қазақ қайғылы үннен.
Қағып aп қыз, келіншек күзеттегі,
Жылқышы жылқы ішінде салып жүрген.
 
 
Сорлы Ақан күңіреніп қайтқан шақта,
Күңіреніп Ерейменде өлген атқа.
Алатау, кең даланың Қыр, Сырында,
Əн тарап жатты осындай Арқа жақта.
 
 
Аты өліп, астан Ақан шаршап қайтты,
Ауылға оның əнін малшы ап қайтты.
Ел-елден Ерейменге жиылған жан,
Еліне «Құлагер» деп əн caп қайтты.
 
 
Жұрт жоқтап қапыда өлген қайран атты,
Əр жақта ел бұлбұлы сайрап жатты.
Ішегі домбыраның сыңсып жылап,
Əншілер «Құлагерге» бай-байлатты.
 
 
Құланы мақтады жұрт «мал басы» деп,
Тыңдады Ақан əнін «зарласын» деп.
«Қазақтың бір аяулы атын атқан
Барша жұрт Батырашты қарғасын» деп.
 
 
Ақанды айтпаса да «қолбасы» деп,
Аяды «Құлагердің жолдасы» деп.
Лағынат оқыды əнмен өткен күнге,
«Сол сұмдық қайтып қырда болмасын!» – деп.
 
Купите 3 книги одновременно и выберите четвёртую в подарок!

Чтобы воспользоваться акцией, добавьте нужные книги в корзину. Сделать это можно на странице каждой книги, либо в общем списке:

  1. Нажмите на многоточие
    рядом с книгой
  2. Выберите пункт
    «Добавить в корзину»